CaspianLife, 3 қазан. Бүгінде Атырау облысында шамамен 2 мыңға жуық аңшы тіркелген. Аңшылық Құрманғазы, Исатай, Жылыой және Қызылқоға аудандарында арнайы бекітілген аумақтарда рұқсат етіледі. Ал қорық қорының нысандарында аң аулауға қатаң тыйым салынған.
Келесі жылдан бастап Құрманғазы ауданында «Киғаш», Жылыой ауданында «Жылыой Желтау» атты аңшылық алқаптары ашылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде (ӨКҚ) өткен брифингте Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің басшысы Эльмира Құрманғалиева мәлімдеді. Ол күзгі-қысқы аңшылық маусымында үйрек, қаз, қасқалдақ, қоян, түлкі және жабайы қабан атуға рұқсат етілетінін еске салды. Мерзімдері: құсқа – 15 қыркүйектен 15 желтоқсанға дейін, жабайы қабанға – 6 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін, қоян мен түлкіге – 1 қарашадан 2026 жылғы 15 ақпанға дейін. Қызыл кітапқа енген жануарларды, сондай-ақ сирек кездесетін түрлерді аулауға қатаң тыйым салынады.
«Әрбір аңшының қасында аңшылық билеті, рұқсат қағазы және қаруға қатысты құжаттары болуы тиіс. Заң бойынша қақпан, электр құралдары, улы заттарды қолдануға тыйым салынған. Сондай-ақ жануарларды қадағалау үшін түнгі уақытта фонарь мен жылу камераларын пайдалануға жол берілмейді», — деп атап өтті Э. Құрманғалиева.
Оның айтуынша, инспекция құқық қорғау органдарымен бірлесіп рейдтік шаралар жүргізіп, құжаттарды, ауланған жануарлар мен құстардың санын, сондай-ақ қаруды тасымалдау және сақтау ережелерін тексереді. Аңшылық қағидаларын бұзған азаматтар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 382-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке, ал ауыр жағдайларда Қылмыстық кодекстің 337 және 339-баптарына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады.