CaspianLife, 3 қазан. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі «Дене шынықтыру және спорттың цифрлық платформасы» (e-Sport) атты ақпараттық жүйесін іске қосу жұмыстарын жүргізуде.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл платформа спортшылар, жарыстар мен спорт алаңдары туралы бірыңғай ақпараттық порталға айналады. Министрлік өкілдері атап өткендей, ақпараттық жүйенің негізгі міндеттері мыналар:
▪ спортшылардың, жаттықтырушылардың, төрешілердің және әдіскерлердің бірыңғай дерекқорын қалыптастыру;
▪ спорттық біліктілік пен спорттық ұйымдарға мүшелікті электронды түрде растау;
▪ спорттық-бұқаралық іс-шаралардың электронды күнтізбесін жүргізу;
▪ спорт нысандарының тізілімін құру;
▪ мемлекеттік қызметтерді проактивті цифрлық форматқа көшіру.
Пилоттық режимде спортшының, жаттықтырушының және төрешінің электронды паспорты, іс-шаралар күнтізбесі мен спорт нысандарының тізілімі модульдері іске қосылды. Жүйені толықтыру және оның функционалын сынау жұмыстары спорт федерациялары мен әкімдіктердің бірлесуімен жүргізілуде. Бүгінгі таңда платформада 83 федерация мен 50 ұйым жұмыс істеп жатыр.
Сонымен қатар спорттық атақтарды беру тәртібі өзгеріссіз қалады және ол 2014 жылғы 29 шілдедегі №300 бұйрықпен бекітілген Қағидалармен реттеледі. Бұл құжат атақтың заңдылығын растайды және куәлікті жоғалтқан жағдайда оны қалпына келтіруге негіз болады. Куәлік жоғалған жағдайда оны қайта қалпына келтіру үшін Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне жазбаша өтініш беру қажет.