Caspianlife, 2 қазан. Кеше Каспий теңізінің жағалауындағы қазақстандық қалада түркі халықтарының «Қорқыт ата» кинофестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Султан Раев, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали, сондай-ақ Әзербайжан, Түркия, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия және Қазақстаннан келген 250-ден астам өнер қайраткерлері қатысты.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, фестиваль аясында бес күн бойы кинематографиялық саммит, кино өнері шеберлерімен шығармашылық кездесулер және тәжірибе алмасу шаралары жоспарланған. Фестиваль қонақтары әртүрлі жанрдағы 50-ге жуық конкурстық және конкурстан тыс фильмдерді тегін тамашалай алады.
Фестивальге отандық жұлдыздармен қатар, шетелдік кино майталмандары да қатысады. Олардың ішінде Бурак Өзчивит сынды танымал актерлер бар. Белгілі актерлер өңір тұрғындарымен, жанкүйерлерімен және БАҚ өкілдерімен жүздеседі.
Сонымен қатар, фестиваль қонақтарына Маңғыстаудың әсем орындары — Бозжыра мен Айрақты, Торыстың шарлар аңғары және басқа да көрікті жерлерге саяхат жасауға мүмкіндік беріледі. Жабылу рәсімі мен жеңімпаздарды марапаттау 4 қазан күні Ақтау қаласында өтеді.