Caspianlife, 1 қазан. Мемлекеттік шекараны қорғау және күзету аясында қыркүйек айында ҚР ҰҚК Шекара қызметі құзырлы органдармен бірлесіп Қазақстан заңнамасын бұзған 4 634 адамды ұстады, олардың 3 954-і – шетел азаматтары.
Бұл туралы бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) баспасөз қызметі хабарлады. Жарияланған мәліметте Қазақстанның мемлекеттік шекарасында тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізуге қатысты 1 349 фактінің жолы кесілгені нақтыланады, оның ішінде:
— қару-жарақ пен оқ-дәрілер – 45 факт (1 дана травматикалық, 2 дана пневматикалық, 54 дана суық қару, 12 дана жарамсыздандырылған «АК-74» автоматы және 101 дана оқ-дәрі);
— жанар-жағармай материалдары – 478 факт, жалпы сомасы 25 млн теңгеден аса;
— халық тұтынатын тауарлар – 657 факт, жалпы сомасы 1,6 млрд теңгеден жоғары;
— валюта – 180 факт, жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеден астам.
Каспий акваториясында 103 браконьерлік фактінің жолы кесіліп, тәркіленгендері:
— 15 дана жүзу құралы;
— 30 шақырымнан астам браконьерлік ау құралдары;
— 162 дана (643 кг) бекіре тұқымдас балық.
Алдын алынған залалдың жалпы сомасы 258 млн теңгеден асты.
Аталған фактілер бойынша материалдар құқық қорғау және сот органдарына процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданды.
Қытайда 1-3 қазан аралығында «ҚХР құрылған күніне» және 6 қазанда «Күз ортасы мерекесіне» байланысты «Майқапшағай», «Бақты», «Достық», «Нұрлы жол» және «Қалжат» автокөлік өткізу пункттерінде адамдар мен көлік құралдарының өтуі уақытша тоқтатылады. Ал «Достық» және «Алтынкөл» теміржол өткізу пункттері қалыпты режимде жұмыс істейді. Мемлекеттік шекарада өзге шектеу шаралары енгізілмеген.