CaspianLife, 1 қазан. Кеше Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов «China Huadian Overseas Investment Co LTD» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Цю Тяньгенді қабылдады.
Кездесу барысында Ақтау қаласында қуаттылығы 160 МВт болатын бу-газ қондырғысын (БГҚ) салу жобасының іске асырылу барысы, сондай-ақ өңірге жаңа инвестициялар тарту және ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінгі таңда жоба аясында бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, мердігер анықталып, қосалқы жабдықтардың бір бөлігі сатып алынды. Магистральдық газ құбырына қосу жобасы 85%-ға орындалды, электр желілері мен санитарлық-өндірістік инфрақұрылым бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жергілікті билік өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл жобаны жүзеге асыру өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруда ерекше маңызға ие.