CaspianLife, 30 қыркүйек. Қазақстан Республикасы ТЖМ Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы (ҰСБЗҒО) ғалымдары мен Маңғыстау облысының ТЖД бірлесіп, өңір аумағын зерттеу бойынша экспедицияны бастады.
Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) баспасөз қызметі хабарлағандай, экспедиция аясында жаңа сейсмикалық станциялар орнату жоспарланған аймақтың жер бедерін зерттеу, барлау және бағалау мақсатында рекогносцировкалық жұмыстар жүргізілуде.
«Бұл іс-шара тарихи оқиға болып табылады, себебі осы өңірде тұрақты сейсмологиялық бақылау станцияларының желісі болмаған», — деп атап өтілді хабарламада.
ТЖМ мәлімдеуінше, ғылыми зерттеулерді барлық жерде жүргізу қажет, өйткені ол өңірдегі өзгерістерді бақылап, ықтимал ауытқуларға алдын ала әрекет етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұндай зерттеулер жер сілкінісінің табиғатын терең әрі жан-жақты түсінуге қажет.
Сондай-ақ, өңірде әлсіз, сезілетін сейсмикалық құбылыстардың орын алу ықтималдығы бар екені айтылды. Бірақ бұл ірі тектоникалық плиталардың ығысуын немесе аса ауыр апаттық салдардың болуын білдірмейді.
Аталған жұмыстарды ҰСБЗҒО техногендік сейсмика зертханасының қызметкерлері жүзеге асыруда. Олар табиғат пен жер қойнауында болатын құбылыстарды зерттейді.
Жұмыс барысында ең жақын елді мекендердің, жолдардың, байланыс желілерінің және басқа коммуникациялардың орналасуын анықтау үшін барлау жүргізіледі. Сонымен қатар, сейсмостанциялар орнатуға ыңғайлы геологиялық ерекшеліктер қарастырылады. Сейсмологтар жоғары технологиялық әрі аса сезімтал құралдарды пайдаланып, аумақтағы түрлі сейсмикалық шуды тіркейді. Экспедиция нәтижесінде барлық факторлар бағаланып, сейсмостанцияны қай нүктеге орналастыру туралы шешім қабылданады.
«Маңғыстау облысында сейсмостанциялар желісін орнату – өңірдің сейсмикалық қауіпсіздігін арттыру жолындағы маңызды қадам болмақ. Бұл тек жер асты дүмпулерін уақытылы тіркеп, олардың табиғатын талдауға ғана емес, сонымен қатар жер қыртысында жүріп жатқан үдерістерді ғылыми тұрғыдан терең түсінуге мүмкіндік береді. Алынған деректер ықтимал табиғи қауіп-қатерлерді ескере отырып, өңірдің орнықты дамуына септігін тигізеді», — делінген ТЖМ хабарламасында.
(Сурет: ҚР ТЖМ сайты)