Caspianlife, 30 қыркүйек. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі және оның Атырау мен Қызылорда облыстарындағы мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының өңіраралық басқармалары реттелетін салада заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді жалғастыруда.
ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тоғыз ай ішінде көмірсутектер саласында мемлекеттік бақылау аясында 100 тексеру іс-шарасы жүргізілген. Оның ішінде: 18 алдын алу бақылауы (бару арқылы), 30 жоспардан тыс тексеру, 15 келісімшарттық талаптардың орындалуын тексеру және мемлекеттік қызмет көрсету шеңберінде 37 рұқсаттық тексеру.
«Іс-шаралардың қорытындысы бойынша 18 заңбұзушылықты жою туралы нұсқама берілді, жалпы сомасы 110 млн теңге болатын 80 әкімшілік айыппұл салынды. Бұдан бөлек, мұнай мен газды тиімсіз пайдаланғаны үшін 14 млрд теңгеден астам залал өндірілді», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, шамамен 4 млн теңге әкімшілік айыппұл және 2,4 млрд теңге залалды өндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны атап өтілді.