CaspianLife, 29 қыркүйек. 22–26 қыркүйек аралығында елімізде «Дәрмек» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді. Оның мақсаты – есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ улы және күшті әсер ететін заттардың заңды айналымын бақылау.
ІІМ-нің Polisia.kz ведомстволық сайты хабарлағандай, есірткі айналымы саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін ҚК-нің 303-бабы бойынша медицина қызметкерлеріне қатысты 11 қылмыстық іс қозғалды, 278 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Заңсыз айналымнан құрамында есірткі бар шамамен 7 мың дәрілік зат және қос мақсаттағы тауарларға жататын 80 тонна улы зат тәркіленді.
Медицина саласында 190-нан астам әкімшілік құқықбұзушылық фактісі тіркеліп, 202 медицина қызметкеріне қатысты материалдар жиналды. Сонымен қатар, құрамында есірткі бар 40 мыңға жуық таблетка, 290 мың психотроптық таблетка және 236 мың ампула алынды.
Республика бойынша барлығы 519 медициналық мекеме тексерілді. Өнеркәсіп саласында 60 заңбұзушылық анықталып, 2 мың тонна прекурсордың айналымына шектеу қойылды, 20 заңды тұлға жауапкершілікке тартылды. 159 кәсіпорын мен 734 көлік құралы тексерістен өтті.
«Ақтөбе облысында жүргізілген тексеріс барысында Қытайдан теміржол көлігімен 80 тоннадан астам улы зат мемлекеттік импорттық лицензиясыз әкелінгені анықталды. Тәркіленген заттың жалпы құны 86 млн теңгені құрады. Бұл зат қос мақсаттағы тауарға жатады», — деп хабарлады ІІМ.
Шығыс Қазақстан облысында бір ЖШС-де күшті әсер ететін препараттардың рецептісіз сатылғаны тіркелді. «Прегабалин», «Зоник» және «Алиса» препараттарының 35 мыңнан астам таблеткасы тәркіленді.
Батыс Қазақстан облысында 40 жастағы әйелдің үйінен психотроптық препараттарды заңсыз сату фактісі анықталды. Ол мұндай қызмет түріне лицензия алмаған.
Қарағанды облысында Астанадан Қарағандыға бағыт алған автокөлікті тексеру кезінде құны 240 мың теңгеден асатын «Тропикамид», «Прегабалин» және «Медазепамның» 82 қаптамасы алынды.
— ІІМ заңды айналымдағы есірткі құралдары, психотроптық заттар, прекурсорлар және улы заттар саласындағы заңнаманы бұзу әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салады. Бұл бағыттағы жұмыс азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және «Заң мен Тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталып жалғаса береді, — деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті басқармасының бастығы Бақытжан Амирханов.

