Caspianlife, 29 қыркүйек. Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қару-жарақ пен оқ-дәрілердің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша жүйелі шараларды қабылдауда.
ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы қыркүйек айында полиция органдарымен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Ұлытау, Абай және Жетісу өңірлерінде қаруды іздеу және заңсыз айналымнан алу мақсатында бірқатар жедел-іздестіру шаралары жүргізілді.
«62 қару бірлігі тәркіленді. Оның ішінде үш Калашников автоматы, 16 тапанша, 43 мылтық, төрт граната және 4 мыңнан астам оқ-дәрі бар. Сондай-ақ 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 10 қару бірлігі анықталды», — делінген хабарламада.
Аталған фактілер бойынша тергеу-жедел іс-шаралары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.