CaspianLife, 24 қыркүйек. Өңірде «Қошқар-Ата» қалдық қоймасын қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Қазан айынан бастап 640 гектар аумаққа 1 миллион сексеуіл көшеті отырғызылып, заманауи суару жүйесі орнатылады.
Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Ақпаратта қазіргі уақытта қалдық қоймасының аумағын темір қоршаумен қоршау жұмыстары жүріп жатқаны нақтыланды. 2024 жылғы зерттеу нәтижелері бойынша, қойма аумағындағы радиоактивті ластану деңгейі шекті рұқсат етілген нормадан аспаған, осыған байланысты биологиялық рекультивация жүргізу ұсынылған. Осы негізде «2025–2026 жылдарға арналған жасыл қорғаныс аймағын құру» жобасы әзірленді. Әкімдік хабарламасында аталған жобаның мақсаты — өңір экологиясын жақсарту, халық денсаулығына әсер ететін факторларды азайту, сондай-ақ қалдық қоймасының ұзақ мерзімді экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету екені айтылған.
Уикипедия мәліметінше, қалдық қоймасы — радиоактивті, улы және басқа да кен байыту қалдықтарын сақтау немесе көмуге арналған арнайы құрылыстар мен жабдықтар кешені.