CaspianLife, 24 қыркүйек. Атырауда тұратын, төрт баланың анасы сотқа жүгініп, 2024 жылы «балалар аутизмі» диагнозы қойылып, денсаулығында мүмкіндігі шектеуліктің ІІ тобы анықталған 8 жастағы қызының үйде оқуы үшін кеткен шығынды өтеуді талап етті.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, балаға үйде білім алу ұсынылған. Алайда уәкілетті орган тек 2025 жылдың бес айына ғана шығынды өтеуді тағайындап, 2024 жылдың соңғы төрт айына өтемақы төлеуден бас тартқан. Себебі ретінде өтемақы тек өтініш жасалған күннен бастап төленетінін алға тартқан. Қала әкімі де көмек беруден бас тартқан.
Баланың анасы өзінің бала мүгедектігіне байланысты мемлекеттен өтемақы алу құқығы бар екенін білмегенін, бұл мүмкіндікті білген бойда уәкілетті органға жүгінгенін түсіндірді. Сонымен қатар, орган 2025 жылға дейін мұндай қолдау шарасы туралы оған ешқандай хабарлама бермеген.
Соттың анықтауынша, бала 2024–2025 оқу жылы бойы үйде білім алған. Талап қоюшының шеккен шығындарын өтеу құқығын ескеріп, әділдік пен парасаттылық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, сот талап қоюды қанағаттандырып, уәкілетті органға баланың 2024 жылдың төрт айы ішінде үйде оқытуға кеткен шығындарын өтеу арқылы бұзушылықты жоюды міндеттеді.
Атырау облыстық сотының қаулысына сәйкес, мемлекеттік органның өтемақы төлеуден бас тарту әрекеті заңсыз деп танылып, шешім заңды күшіне енді.

