Caspianlife, 23 қыркұйек. Қазан айында Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің (Ақтау) алғашқы студенттер тобы Астраханьға келіп, генерал-адмирал Ф.М. Апраксин атындағы Каспий теңіз және өзен көлігі институтында (КИМРТ) білім алады деп жоспарлануда.
Астрахань облысының сыртқы байланыстар министрлігінің хабарлауынша, қазақстандық студенттер теңіз және өзен саласына қатысты пәндер бойынша оқиды. Академиялық мобильділік бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі КИМРТ директоры Ольга Карташова, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің Теңіз академиясының деканы Болат Сарсенбаев және «Теңіз техникасы және технологиялары» кафедрасының меңгерушісі Виктория Кабылбекова арасындағы онлайн-келіссөздің негізгі тақырыбы болды.
«Біз Каспий маңы аймағының жетекші жоғары оқу орындарымен серіктестікті дамытуымызды жалғастырудамыз. Ынтымақтастық туралы келісім аясында сіздердің оқу орындарыңызбен бірқатар жобалар табысты жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта КИМРТ-та оқу сіздердің студенттеріңізге жаңа білім алып, кәсіби байланыстар орнатуға және жаңа достар табуға мүмкіндік береді», – деді Ольга Карташова қазақстандық әріптестерімен әңгімесінде.
Келіссөз барысында екі ЖОО оқытушыларының академиялық мобильділігі мәселелері қаралды. Бұл тек бірегей педагогикалық тәжірибе алмасуға ғана емес, сонымен қатар флот пен көлік кешені үшін мамандарды даярлау сапасын арттыру мақсатында бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеуге мүмкіндік береді.
Оқу орындарының өкілдері теңіз және өзен саласына қатысты өзекті бағыттарда бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар, Ресей мен Қазақстан үшін өзара қызығушылық тудыратын кеме қатынасы, кеме жасау, порттық логистика және технологиялар мәселелерін қарастыру жоспарланған ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілді.
Сондай-ақ тараптар генерал-адмирал Ф.М. Апраксин атындағы КИМРТ базасында Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің магистранттары мен докторанттарына ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыруға уағдаласты.
(Астрахань облысы сыртқы байланыстар министрлігінің ақпараты бойынша)