CaspianLife, 22 қыркүйек. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен америкалық Lummus Technology компаниясы Атырау қаласында цифрлық құзыреттер орталығын құру туралы алдын ала келісімге қол қойды.
«ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) баспасөз қызметінің хабарлауынша, құжатқа Нью-Йоркте ҚМГ басқарма төрағасы Асхат Хасенов пен Lummus Technology президенті әрі бас атқарушы директоры Леон де Брюйн қол қойған.
Жаңа орталық Қазақстанға технологиялар трансферін қамтамасыз етуге және мұнай-газ химиясы саласындағы заманауи өндірістерге кадр даярлауға ықпал етпек. Мұнда мамандарды жаңа технологиялар бойынша оқыту, біліктілігін арттыру, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аудару жоспарланған. Орталықтың операторы ҚМГ-ның еншілес компаниясы – «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС болады.
«Келісімге қол қойылуы екі компания арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін білдіреді. Lummus Technology қазірдің өзінде ҚМГ-ның бірқатар ірі жобалары үшін негізгі технологиялардың лицензиары болып табылады. Олардың қатарында ТОО «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» (KPI) зауыты бар, онда пропанды дегидрлеу және пропиленді полимерлеу технологиялары қолданылуда. Сондай-ақ «Полиэтилен» жобасы (операторы – «Силлено» ЖШС), онда этанды пиролиздеу қондырғысының лицензиары ретінде Lummus қатысып отыр», – делінген хабарламада.
Тараптар құзыреттер орталығын құру тек өндірістердің тиімді жұмыс істеуіне ғана емес, сонымен қатар болашақ мұнай-газ химиясы жобалары үшін кадрлық резерв қалыптастыруға да ықпал ететініне сенім білдірді.
Анықтама үшін:
Lummus Technology LLC – мұнай өңдеу және мұнай-химия саласына арналған технологияларды лицензиялау бойынша әлемдік көшбасшы америкалық компания. Компания «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына KPI және полиэтилен зауыттары сияқты стратегиялық жобаларға негізгі технологияларды ұсынуда және Атырауда цифрлық құзыреттер орталығын құру ісінде серіктес болып отыр.
(Сурет: «ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметі)