CaspianLife, 22 қыркүйек. Өткен сенбі, 20 қыркүйек күні Алматы облысы Іле ауданына қарасты Құрыт ауылдық округінде ел тарихына алтын әріппен жазылатын тарихи оқиға өтті.
Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Таратылған ақпаратқа сәйкес, әңгіме «Әлемдегі ең үлкен түйе керуені – 2025» атты ауқымды мәдени шара туралы болып отыр. Ол ұлттық рухты жаңғырту, көшпелі мәдениетті дәріптеу, туризм мен кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Сонымен қатар шара барысында әлемдік рекорд орнатылды.
Бұл бастама Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен және өңірдегі ең ірі шаруа қожалықтарының бірі – «Даулет-Бекеттің» жетекшілігімен жүзеге асты. Керуенге 1 мың түйе қатысып, арнайы дайындалған 1 шақырымдық маршрутты жүріп өтті. Бұған дейінгі әлемдік рекорд 2022 жылы Қытайда тіркелген еді, ол кезде бар болғаны 365 түйе қатысқан. Осылайша Қазақстан бұл жетістікті үш еседен артық асырып, бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды.
Шара аясында ұлттық нақыштағы бес киіз үй тігіліп, қонақтарға дәстүрлі тағамдар ұсынылды. Арнайы фуд-корт аймағы ашылып, келушілер шұбаттан дәм татты. Сонымен қатар белгілі эстрада жұлдыздары мен аймақ өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Керуеннің қауіпсіз әрі ұйымдасқан түрде өтуіне ерекше көңіл бөлінді. Оқиға орнында полиция патрулі, өрт сөндіру техникасы, медициналық қызмет және ветеринарлық бақылау қамтамасыз етілді. Сондай-ақ турникеттер орнатылып, көрермендердің керуенге тым жақындауына шектеу қойылды.
Шараға Англиядан арнайы келген Гиннес рекордтар кітабының өкілі Ричард Стэннинг қатысты. Ол: «Мұндай көлемдегі түйе керуенін алғаш рет көріп тұрмын. Қазақстанның бұл жетістігін тек ұлттық мәдени мұра емес, әлемдік қазына деп санау керек», – деп атап өтті.
Осылайша Қазақстан ресми түрде «Әлемдегі ең үлкен түйе керуені» атағын иеленіп, тиісті қорытындыдан кейін Гиннес рекордтар кітабына енгізілетін болады.
(Сурет: Алматы облысы әкімдігінің сайты)