CaspianLife, 19 қыркүйек. 1 қазаннан бастап ЖРВИ мен тұмаудың эпидемиологиялық маусымы ашылады. Ол 2025 жылғы 1 мамырға дейін жалғасады. Биыл жергілікті бюджет есебінен Ресейде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынды. Оның құрамында тұмаудың А/H3N2/, А/H1N1/ және В штаммдарының антигендері бар.
Бұл туралы Атырау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айнагүл Сарсенғалиева Өңірлік коммуникациялар қызметіне хабарлады.
– Тұмаудан қорғанудың ең тиімді жолы – вакцинация. Вакцина осы айда жеткізіліп, облыстың барлық емханасында екпе жұмыстары басталады. Екпе тегін түрде халықтың осал топтарына салынады. Олардың қатарына медицина қызметкерлері, диспансерлік есептегі балалар, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар үйінің тұрғындары және жүктіліктің екінші немесе үшінші триместріндегі әйелдер кіреді. Сонымен қатар эпидемиологиялық көрсетімдер бойынша да вакцина салдыру қарастырылған, – деді А. Сарсенғалиева.
Дәрігерлер шұғыл көмек қажет ететін қауіпті белгілерді атады:
- үш-бес күннен астам уақыт сақталатын жоғары температура;
- қатты бас ауруы;
- демікпе (тыныстың қысқаруы);
- естің бұзылуы;
- қол-аяқтың тартылуы (құрысу);
- аяқта пайда болатын геморрагиялық бөртпе.
Мұндай белгілер байқалған жағдайда науқастар дереу дәрігерге жүгінуі тиіс.
Айта кетейік, өткен эпидемиологиялық маусымда облыста ЖРВИ-дің 190 мың жағдайы тіркелген. Зертханалық зерттеулер нәтижесінде тұмаудың 117 жағдайы нақтыланып, оның ішінде А/H3N2/, А/H1N1/ және В типтері айналымда болған. Ауырғандардың 61 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құраған. Былтыр өңірде 70 мыңнан астам адам тұмауға қарсы вакцина алды. Оның 65 мыңы жергілікті бюджет есебінен, ал 5 мыңнан астамы жұмыс берушілердің қаражатына егілді.