Caspianlife, 17 қыркүйек. Стоматологиялық қызметтерді төлеу сылтауымен зейнетақы жинақтарын заңсыз шығару деректерінің көптеп анықталуына байланысты Денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылғы 15 ақпандағы «Біржолғы зейнетақы төлемдерін емделуге пайдалану қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізуде.
Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. «Жобада біржолғы зейнетақы төлемдерін тіс протездеу мен имплантация секілді стоматологиялық қызметтерге пайдалану нормасын алып тастау көзделген. Шешім медициналық құжаттарды қолдан жасау және зейнетақы жинақтарын мақсатсыз пайдалану жағдайларының көптеп кездесуіне байланысты қабылданды», — делінген құжат жобасында.
Сондай-ақ стоматологиялық қызметтерге төлем жасауға берілген өтінімдерді талдау қорытындысы бойынша азаматтардың бір бөлігіне тиесілі қаражат алаяқтық схемалар арқылы кейбір клиникалардың пайдасына аударылғаны атап өтілді.
«Осыған байланысты, ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен бастап зейнетақы қаражаты есебінен медициналық көмектің бұл түрін қаржыландыруға өтінім қабылдау тоқтатылды», — деп нақтылады министрлік.
Сонымен қатар, Отбасы банкінің мәліметі келтірілді: 2021 жылдан 2025 жылғы 20 тамызға дейін enpf-otbasy.kz платформасы арқылы тек «Стоматологиялық қызметтер» мақсаты бойынша 757 млрд теңгеге 795 424 транзакция жүргізілген. Талдау көрсеткендей, 222 млрд теңгеден астам қаржы ТОП-20 стоматологиялық клиникаға бағытталған. Бұл клиникалардың басым бөлігі Қазақстанның ірі қалаларында орналасқан. Аталған кезеңде Отбасы банкке 29 797 өтінім беріліп, оның 88,3%-ы немесе 26 312 өтінім «Стоматологиялық қызметтер» мақсатына тиесілі болған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, ұсынылып отырған өзгерістер денсаулық сақтау саласында қаражатты мақсатты пайдалану мен ашықтықты арттыруға бағытталған.