Caspianlife, 4 қыркүйек. Атырау облысының жер ресурстарын басқару департаменті (ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты) автогаз құю станцияларына берілген жер учаскелерін заңды пайдалану мәселесі бойынша жоспардан тыс тексерістер бастады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл шешім 2025 жылғы 30 мамырда Жылыой ауданының әкімшілік орталығы Құлсары қаласында болған төтенше жағдайға байланысты қабылданды. Автогаз құю станциясында жарылыс орын алып, соның салдарынан өрт шыққан. Үш бірқабатты ғимарат, станцияның өзі және оның артындағы екі қабатты нысан зардап шекті. Бірнеше адам жарақат алып, екі адам қаза тапты.
«Тексеру барысында жерді нысаналы мақсатта пайдаланбаудың көптеген фактілері анықталды. ҚР Жер кодексінің 65-бабына сәйкес, жер пайдаланушылар учаскелерді тек олардың нысаналы мақсатына және келісімшарт талаптарына сәйкес пайдалануға міндетті. Бұл талаптарды бұзу ҚР Жер кодексінің 93-бабына және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 339-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеледі», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, тексеріс қорытындысы бойынша 8 әкімшілік іс қозғалып, заң бұзған АЖС иелеріне айыппұл салынды. Оларға анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде міндетті нұсқама берілді.
Атырау облысының жер ресурстарын басқару департаменті өңір бойынша барлық жанармай құю станцияларына жоспардан тыс тексерістерді жалғастыруда. Мақсат – жер учаскелерін заңды әрі қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету.