CaspianLife, 3 қыркүйек. Қазақ мұнай өңдеу өнеркәсібінің өзегі — Атырау мұнай өңдеу зауытының 80 жылдығына орай еңбегі ерен қызметкерлер марапатталып жатыр. Үздік мамандарға алдымен кәсіпорынның бас директоры Қуаныш Бишімов 80 жылдық мерейтойға орай тағайындалған арнайы медальдарды табыс етті.
Бас директордың орынбасарлары өздері жетекшілік ететін саладағы үздік мамандар мен ардагерлерді марапаттады. Жоғары кәсіби шеберлігімен ерекшеленген 73 адамға «Мұнай-газ-химия саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі, Энергетика министрлігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ мен «ҚазМұнайГаз» ҰК-ның және салалық кәсіподақтың құрмет грамоталары, Қазмұнайгаз естелік белгісі, ҚР Энергетика министрі, Атырау қаласының әкімі, ҚМГ және АМӨЗ басшыларының алғыс хаттары табысталды. Мерейі үстем болғандардың қатарында өмірінің 40 жылға жуығын өндірісте өткізген зейнеткер Баян Амандықова да бар.
5 қызметкерге «Зауыт ардагері» құрметті атағы берілді. Тағы 4 маман «Үздік өндіріс бастығы», «Үздік қондырғы бастығы», «Үздік қондырғы механигі» және «Үздік бөлім бастығы» номинациялары бойынша жеңімпаз атанды.