Caspianlife, 28 тамыз. Жыл басынан бері 34 блогердің заңсыз онлайн-ойындарды жарнамалағаны белгілі болды. Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі баспасөз қызметі хабарлады.
Агенттік анықтаған деректерге сәйкес, 11 блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 23 контент жасаушыға қатысты материалдар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданды.
Көптеген блогерлер заңды бір реттік емес, жүйелі түрде бұзып жүргені атап өтілді. Шыңғысхан Көпбаев («Baller») — жыл басынан бері бес рет әкімшілік жауапқа тартылған. Ринат Шамшырақ — 600 мыңнан астам жазылушысы бар музыкант-блогер, онлайн-казино жарнамалағаны үшін іс қозғалған. Қайсар Қамза — Telegram-арнасында заңсыз ойындарды тұрақты түрде насихаттап, жалған «жеңімпаздардың» видеоларын жариялап жүрген. Наиль Тұрғанов — онлайн-казино жарнамасы үшін 8 млн теңгеден астам қаржы алған. Нұрғазы Тоқтаров («Nakonay Qarapaiym») — агрессивті жарнама жүргізіп, 15,8 млн теңге тапқан, бірақ қаражаттың бір бөлігін сол платформаларда ұтылып қалған. Мариям Құлжабаева («@oomariko») — қарапайым стористер арқылы интернет-казиноға шақырған, әр жарнамасын 350 мың теңгеге бағалаған.
Сонымен қатар, Зухра Хакиева, Диана Халметова, Әсем Аубакирова, Арина Байкова, Күмісай Айымбетова және басқа да блогерлердің аты аталды.
Агенттік мәліметінше, онлайн-казино жарнамасы — азаматтарды ойынға тәуелділікке итермелейтін негізгі арналардың бірі. Бұл әрекеттер отбасылардың қаржылық күйреуіне және әлеуметтік мәселелердің артуына себеп болып отыр.
Блогерлер қазір айыппұл төлеп, әрекеттерін жалғастырып жүр. Осыған байланысты агенттік мұндай әрекеттерді ҚР ҚК-нің 28-бабы 5-тармағы аясында, яғни «заңсыз ойын бизнесіне көмектесу» ретінде қарастыруды ұсынып отыр. Қаржы пирамидаларын жарнамалау тәжірибесіндей, онлайн-казино жарнамасы үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізу бастамасы көтерілді.