CaspianLife, 27 тамыз. Бұған дейін хабарланғандай, бүгін сағат 01:33-те Ақтау қаласынан шамамен 271 шақырым қашықтықта, Каспий теңізі акваториясында жер сілкінісі тіркелді.
Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, магнитудасы – 5,2 балл, тереңдігі – 15 км. Ақтау қаласында жер асты дүмпулері 2 балл деңгейінде сезілген. Алайда бұл көрсеткіш қауіпті санатқа жатпайды және халыққа ешқандай қауіп төндірмейді деп нақтыланды.
Сонымен қатар ТЖД мамандары ресми ақпарат түскен бойда әлеуметтік желілерде жедел түрде хабарламалар жариялаған. Бұдан бөлек, көпқабатты үйлер мен қаланың тіршілікті қамтамасыз ететін нысандарында тексеру және патрульдеу жұмыстары жүргізілген.
«Айта кету керек, ауа райын алдын ала болжауға болатын болса, жер сілкінісін нақты болжау мүмкін емес. Біз сіздердің қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қолға алып отырмыз. Осындай жағдайларда сабыр сақтап, тек ресми дереккөздерге сенуді сұраймыз», — делінген ТЖД-ның әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жарияланған түсініктемеде.