CaspianLife, 26 тамыз. Атырау облысында мопедтерді міндетті тіркеу жұмыстары өткізілуде. Қазір өңір бойынша 1175 мопед арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында есепке алынған.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, биылдың өзінде мопед пен скутерге байланысты 35 жол апаты болып, 840 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.
— 5 сәуірден бастап мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестіріліп, оларды «А1», «А» немесе «В» санатындағы жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана басқара алады. Ал тіркелмеген немесе жүргізуші куәлігінсіз мопед жүргізгендерге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес айыппұл салынады. Сондықтан әрбір жүргізушіні көлігін дер кезінде тіркетіп, тиісті құжаттарын рәсімдеуге шақырамыз,-деді облыстық полиция департаментінің инспекторы Нұргүл Нұрсұлтанова.
Тәртіп сақшыларының мәлімдеуінше, мотокөлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережесін бұзу фактілерін анықтау үшін рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.