CaspianLife, 22 тамыз. АтырауМұнайМаш полиэтилен өндіретін болашақ зауытқа арналған бірегей ірі көлемді жабдықтарды дайындауға кірісті.
21 тамыз күні кәсіпорынды Силлено компаниясының бас директоры Мухтар Авутбаев, техникалық директор Сергей Смирнов бастаған топ аралап көрді. Кездесу барысында пиролиз қондырғысына арналған бағаналар мен негізгі жабдықтардың өндіріс барысы таныстырылды.
Зауыттың өндірістік алаңдарында келесі жабдықтар бойынша жұмыс басталды:
Суыту бағанасы (Quench Tower) – салмағы – 700 тонна, биіктігі – 51 метр;
Этиленді бөлу бағанасы (Ethylene Fractionator) – салмағы – 1 470 тонна, биіктігі – 101 метр. Бұл екі жабдық полиэтилен өндірісінде негізгі кезең саналатын пиролиз қондырғысының құрамына кіреді. Тапсырысты орындау барысы қазіргі таңда 50%-дан асты.
Сонымен қатар, АтырауМұнайМаш пиролиз қондырғысына арналған тағы бір маңызды элемент – су дайындау жүйесінде еріген газдарды жоюға арналған деаэратор жабдығын дайындайтын болады.
Еске сала кетсек, 2024 жылы қыркүйекте отандық өндірушілерді қолдау мақсатында өткен форум барысында пиролиз қондырғысының EPC-мердігері – Tecnicas Reunidas және Sinopec Engineering Incorporation консорциумы АтырауМұнайМаш зауытымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Нәтижесінде болашақ зауытқа арналған ірі көлемді жабдықтарды дайындауға тапсырыс берілді.
(Ақпарат көзі: Қазақстандағы полиэтилен өндірісі бойынша ең ірі газ-химия жобасының операторы)