Caspianlife, 22 тамыз. Атырауда үкіметтік жұмыс тобы алдағы жылыту маусымына дайындық барысын тексерді.
Премьер-Министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Президенттің тапсырмаларын орындау аясында Үкімет өңірлердің жылыту маусымына дайындығына кешенді тексеріс жүргізуді жалғастыруда.
Премьер-Министр Олжас Бектеновтың тапсырмасымен Атырауда жылу және энергиямен қамту нысандарына инспекция жүргізілді. Үкіметтік жұмыс тобының құрамындағы өңірлік инспекторлар мен Премьер-Министрдің кеңесшілері коммуналдық нысандардың жай-күйімен танысты.
«Атырау облысында тұрғын үй қорының жылыту маусымына дайындығы – 80%, білім беру нысандары – 96%, денсаулық сақтау саласы – 90%. 723 қазандықтың 593-і (82%) дайын. Атырау ЖЭО-да жылу және турбоагрегаттарды жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде және қыркүйек айының соңына дейін аяқталады. Ал облыс орталығындағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 601 км, орташа тозу деңгейі – 52%. Негізгі коммуналдық кәсіпорын 2030 жылға дейінгі желілерді жөндеу жоспарын әзірлеген», — делінген хабарламада.