CaspianLife, 20 тамыз. «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Маңғыстау облысының табиғат қорғау прокуратурасы «Охотзоопром» РМҚК қызметкерлерімен бірлесіп, балық өнімдерінің заңсыз айналымын тоқтату мақсатында рейдтік іс-шара өткізді.
Маңғыстау облыстық прокуратурасының хабарлауынша, рейд барысында Түпқараған ауданының «Ащымұрын» жағалау аймағында азамат «Н.» басқарған «Toyota Land Cruiser 100» маркалы жол талғамайтын көлік тексеруге тоқтатылған. Көлік құралын қарау кезінде жүк салғыш бөлімінен жалпы салмағы 455 келі бекіре тұқымдас балық табылды. Прокуратура өкілдері атап өткендей, бекіре тұқымдас балықтарды аулауға Каспий маңы елдерінің барлығында мораторий жарияланған.
Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы (Жойылып кету қаупі төнген, сондай-ақ сирек кездесетін жануарлармен заңсыз айналысу) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тергеу Түпқараған аудандық полиция бөліміне тапсырылды, іс бойынша бірқатар тергеу амалдары жүргізілуде.