CaspianLife, 19 тамыз. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов Мемлекет басшысына баяндады.
Akorda.kz сайтында хабарланғандай, Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның 2025 жылдың жеті айындағы қызметінің нәтижелері туралы есеп ұсынылды. А. Хасеновтың айтуынша, «ҚазМұнайГаз» белсенді геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. 2025 жылы қолданыстағы кен орындарын қосымша барлау аясында жеті ұңғыма бұрғылау жоспарланған, оның үшеуі іс жүзінде бұрғыланды. Қазақстанда алғаш рет қытайлық CNOOC компаниясы геологиялық барлауға инвестиция құйып отыр, сондай-ақ Sinopec компаниясы да елге ірі қаржымен кіріп жатыр.
«Transnational Shell, Chevron, British Petroleum компаниялары Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарындағы учаскелерді белсенді зерттеп жатыр», – делінген хабарламада.
Президентке биылғы жеті айдың ішінде мұнай мен конденсат өндіру көлемі 15,3 млн тоннаны құрап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға артқаны баяндалды. Табиғи және ілеспе газ өндіру көлемі 6,7 млрд м³-ке жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға жоғары болды. Сондай-ақ Батыс Прорва (Атырау облысы), Үріктау (Ақтөбе облысы), Рожковское (БҚО) кен орындарында газ өңдеуді арттыру жобалары жүзеге асырылып жатыр.
Мемлекет басшысына мұнай тасымалдау көлемі 49 млн тонна болғаны айтылды. Қосымша бағыттарды дамыту бойынша жұмыс жүріп жатыр: жеті айда Әзербайжанға 0,9 млн тонна, Германияға 1,1 млн тонна мұнай жеткізілсе, Венгрияға алғаш рет 85 мың тонна қазақстандық мұнай жөнелтілді.
Еліміздің мұнай өңдеу зауыттарында жеті айда 10,4 млн тонна мұнай өңделді. Жеңіл мұнай өнімдерінің өндірісі 7,8 млн тоннаны құрап, 936 мың тоннаға рекордтық өсім көрсетті.
Асхат Хасенов сонымен қатар Маңғыстау облысында Кендірлідегі жаңа зауыттан алынған алғашқы тұщы теңіз суы Жаңаөзен қаласының су тарату торабына берілгенін баяндады. Қуаты 247 МВт болатын гибрид электр станциясының құрылысы жалғасып жатыр. Құны 7,4 млрд долларды құрайтын, жылына 1 млн 250 мың тонна өнім өндіретін полиэтилен зауытының толыққанды құрылысы басталды. Ел аймақтарында әлеуметтік жобаларды іске асыруға қатысты жеке мәлімет те ұсынылды.
Қорытындысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев геологиялық барлау жұмыстарын және ірі инвестициялық жобаларды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.