Caspianlife, 12 тамыз. Бүгін Каспий теңізі күні халықаралық деңгейде атап өтіледі. Бұл күн — Каспий маңындағы бес мемлекеттің (Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей, Түрікменстан) бірлескен ірі жетістіктерінің символы.
Астрахань облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, дәл осы күні, 2006 жылы Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенция (Тегеран конвенциясы) күшіне енген. Бұл — жағалау мемлекеттерінің экожүйені кешенді сақтау мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы халықаралық-құқықтық міндеттемелер жүйесін қалыптастырып, табиғатты қорғау саласында өзара әрекеттесуін реттеудегі маңызды қадам болды.
Каспийдегі Ресей Федерациясының аса маңызды геостратегиялық аймағы ретінде Астрахань облысы «Каспий бестігі» елдерімен тату көршілік қатынастарды дамыту және жан-жақты ынтымақтастық орнатуда негізгі рөл атқарады. Облыс губернаторы Игорь Бабушкин бұл байланыстарды нығайтуға үнемі көңіл бөледі.
Астрахань облысының Каспий ынтымақтастығындағы ерекше рөлін мойындаудың бір көрінісі — аймақ орталығында Иран Ислам Республикасы, Қазақстан Республикасы және Түрікменстан консулдық мекемелерінің ашылуы, сондай-ақ Иран Сауда үйі мен Әзербайжан іскерлік орталығының жұмыс істеуі.
Қазір өңірде көптеген бірлескен сауда-экономикалық және гуманитарлық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Негізгі күш-жігер «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамытуға, астрахандық тауар өндірушілер өнімдерін Каспий маңы елдерінің нарықтарына шығаруға, кеме жасау тапсырыстарын тартуға, сондай-ақ білім беру, медициналық және туристік қызметтер экспортын ілгерілетуге бағытталған.
Астрахань халықаралық диалог алаңы ретінде мойындалған қалаға айналды. Мұнда жыл сайын өңір елдерін біріктіретін ірі іс-шаралар өтеді: Каспий медиафорумы, «Каспий маусымдары» халықаралық классикалық өнер фестивалі, Каспий ғылыми-білім беру конгресі, «БерегА» жастар білім беру форумы.
Биыл 22 тамызда Астраханда мерейтойлық X Каспий медиафорумы өтеді. Дәстүр бойынша оған билік органдарының өкілдері, БАҚ, блогерлер, сарапшылар, ғалымдар және Каспий маңы мемлекеттерінің қоғамдық ұйымдары көшбасшылары қатысады. Форумның ашылу пленарлық сессиясы «Каспий тарихы: өткені мен болашағы» тақырыбында өтеді, модератор — ТАСС бас директоры Андрей Кондрашов.
Дереккөз: Астрахань облысы әкімінің баспасөз қызметі