CaspinLife, 12 тамыз. Бүгін бұл туралы ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов Үкімет отырысында мәлімдеді.
Премьер-Министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ІІМ өкілі жаңа оқу жылының басталуына байланысты балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары туралы баяндады. Барлық білім беру нысандары тексеруден өткен. Жол инфрақұрылымына қатысты ұсыныстар енгізілген. Мектептердің маңына жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршамдар, жасанды кедергілер, жол белгілері мен ақпараттық паннолар, қоршаулар, автотұрақтар орнатылды.
Сондай-ақ, 31 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында «Назар аудар – балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтеді. Мақсат – жолдағы балалардың жарақат алуын азайту.
«1 қыркүйектен бастап патрульдер білім беру ұйымдарына барынша жақындатылатын болады. Әр мектеп пен колледжге учаскелік инспекторлар мен жедел уәкілдер бекітілді. Мектептерде қауіпсіз мінез-құлық негіздері бойынша сабақтар өткізіледі», – деді Бауыржан Аленов.
Сондай-ақ, биыл 1 773 білім беру нысаны терроризмге қарсы қорғаныс тұрғысынан тексерілгені айтылды. Бүгінде білім беру ұйымдарының 100%-ы бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған.