CaspianLife, 12 тамыз. Бұл азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау бойынша прокурорлардың жүйелі жұмысының нәтижесінде мүмкін болды. Биылғы жылы 80-нен астам педагогтың конституциялық құқықтары қалпына келтірілді.
Атырау облысы прокуратурасының хабарлауынша, талдау барысында білім беру ұйымдарының ұжымдық шарттарында зейнет жасына жеткен қызметкерлерге алдын ала хабарлау шартымен бір айлық лауазымдық жалақы мөлшерінде өтемақы төлеу қарастырылғаны анықталды. Алайда бірқатар мектептер мен балабақшаларда бұл норма еленбеген.
«Прокурорлық қадағалау актісі бойынша 11 млн теңгеден астам өтемақы төленіп, қызметкерлердің құқықтары толық көлемде қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, 33 лауазымды тұлғаға қатаң тәртіптік жаза қолданылды», — делінген хабарламада.