CaspianLife, 12 тамыз. 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 20 387 811 адамды құрады. Оның ішінде қала тұрғындары – 12 899 438, ауыл тұрғындары – 7 488 373 адам. 6 айдағы жалпы халық өсімі 104,4 мың адам болды.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың алты айында Қазақстанда 161,2 мың бала дүниеге келді, қайтыс болғандар саны – 64,6 мың адам. Осылайша, халықтың табиғи өсімі 96,7 мың адамды құрады.
«Ең жоғары туу көрсеткіші Түркістан облысында (1000 адамға шаққанда – 21,94), Маңғыстау облысында (20,98) және Шымкент қаласында (20,63) тіркелді», – делінген хабарламада.
Ең жоғары өлім-жітім Солтүстік Қазақстан облысында (1000 адамға шаққанда – 11,67), Шығыс Қазақстан облысында (11,27) және Қарағанды облысында (9,33) байқалды. Бұл аталған өңірлердегі халықтың жас құрылымымен байланысты.
Сондай-ақ, алты айда 51,4 мың неке және 21,5 мың ажырасу тіркелді.
2025 жылғы қаңтар-маусымда елге келгендер саны 11 267 адамды, елден кеткендер саны 3 518 адамды құрады. Көші-қонның оң сальдосы 7 749 адам болды. 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, Қазақстаннан кеткендер саны 49,5%-ға, келгендер саны 21%-ға азайды. Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен жүреді: келгендердің 82,2%-ы осы елдерден болса, кеткендердің 73,9%-ы да осы мемлекеттерге тиесілі.
Ел ішіндегі қоныс аударушылардың саны 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,6%-ға артты. Аймақаралық қоныс аудару бойынша халықтың оң көші-қон сальдосы елдің төрт өңірінде қалыптасты: Астана қаласында (36 821 адам), Алматы қаласында (16 934 адам), Шымкент қаласында (10 838 адам) және Алматы облысында (5 500 адам).