CaspianLife, 11 тамыз. Мұндай деректерді Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев бірінші жартыжылдықтың қорытындысы ұсынылған өңірлік кеңестің отырысында айтты.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының (ӨКП) баспасөз хатшысы Әсел Тұяқбаеваның хабарлауынша, биылғы алты айда кәсіпкерлердің құқығын қорғау бағыты бойынша 30 өтініш қаралды, оның 14-і (47%) бизнес пайдасына шешілген. Қорғалған мүліктік құқықтардың жалпы сомасы 4,6 млн теңгеден асты. Бұдан бөлек, ӨКП-ның Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімі кеңес беру көмегін көрсетіп келеді. Бүгінгі таңда бұл көмекке өңірдің 200-ден астам бизнес субъектісі жүгінген.
Н.Сүйінбаевтың айтуынша, өтініштердің басым бөлігі сәулет, құрылыс және қала құрылысы, жер қатынастары, экономика және қаржы, мемлекеттік сатып алу, агроөнеркәсіп кешені (АӨК), салық және азаматтық-құқықтық даулар салаларына қатысты.
«Соңғы жылдары бизнестен келіп түсетін өтініштердің саны азайғанымен, олардың күрделілігі артып отыр. Бұл — бір күнде шешілмейтін, мұқият талдауды және көп еңбекті талап ететін мәселелер. Кәсіпкерлердің мәселесін шешуде Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің рөлі зор. Бүгінгі күнге дейін Кеңестің бес отырысы өтіп, тоғыз мәселе қаралды. Нәтижесінде 17 ұсыным берілді, оның 13-і оң шешімін тапты», — деді ол.
Сондай-ақ, бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау аясында сот құжаттарын (талап-арыздар, апелляциялық және кассациялық шағымдар, пікірлер, т.б.) әзірлеуге көмек көрсетіледі. 2024 және 2025 жылдың бес айында ӨКП сарапшылары 15 сот процесіне (2024 ж. – 12 іс, 2025 ж. – 3 іс) қатысып, олардың 8-і (65%) кәсіпкерлердің пайдасына шешілді.
Бірінші жартыжылдықта бизнеске сервистік қолдау аясында 313 шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектісіне екі бағыт бойынша 321 қызмет көрсетілді: бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу, статистикалық есеп тапсыру, сондай-ақ бизнес-жоспар әзірлеу.
Аудандық Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарындағы ақпараттық қамтамасыз ету жөніндегі кеңесшілер 788 клиентке мемлекеттік бағдарламалар бойынша 2 385 кеңес берді. «Іскерлік байланыстар» жобасы аясында кәсіпкерлерден алты өтініш түсті, олардың екеуі Германияда тағылымдамадан өтеді.
Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бойынша да белсенді жұмыс жүргізуде. «Дуалды оқыту» Жол картасы аясында облыстағы 16 колледжде 14 сала бойынша 2 846 студент 998 кәсіпорын (19 – ірі, 41 – орта, 854 – шағын, 84 – мемлекеттік) үшін 53 мамандық және 66 біліктілік бойынша даярлануда. Дуальды оқыту шарттарын жасасу жұмыс берушілердің өтініміне қарай тұрақты түрде жүргізіледі.
«Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Тәлімгерлік мектебінде» 44 тәлімгер оқытылып, сертификат алды. «Атамекен» ҰКП тізіліміне 18 оқу орталығы енгізілді, оның ішінде төрт оқу орталығы кәсіпорындар жанынан ашылған: «Internationalsafetystandard» ЖШС, «Өнерпаз» ЖШС, «Еділ-Орал KZ» ЖШС, «ААЦ Сварка» ЖШС», — деді Н.Сүйінбаев.
5 қаңтар мен 26 наурыз аралығында 1 915 кәсіпорында сауалнама жүргізіліп, 2 538 маманға кадр тапшылығы анықталды. Нәтижелер 2024–2025 оқу жылдарына арналған мемлекеттік тапсырысты орналастыруда және қысқа мерзімді оқытуда басымдықтарды айқындауда пайдаланылады.
Сонымен қатар, Нұрлан Сүйінбаев Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы салалық кеңестердің маңыздылығына тоқталды. Негізгі міндеті – кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғау, сондай-ақ нақты экономикалық салаларда бизнесті дамыту мен қолдауға бағытталған шараларды әзірлеу және іске асыру.
Бүгінгі таңда сегіз бағыт бойынша 260-тан астам адамды қамтитын кеңестер жұмыс істейді. Есепті кезеңде 18 отырыс өтіп, 32 мәселе қаралды, оның 12-сі шешімін тапты, қалғандары қаралуда.