Caspianlife, 8 тамыз. Атырау облысы бойынша монополияға қарсы орган жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша 12 мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынның әрекеттерінен заңбұзушылықтар анықталды.
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл кәсіпорындар заңнама талап еткендей монополияға қарсы органның келісімін алмай-ақ, мәдениет пен білім беру салаларында қосымша қызметтер көрсеткен.
«Аталған салалардағы негізгі проблема – мемлекеттік мекемелердің ақылы қосымша қызметтер көрсетуі, бұл адал бәсекелестік қағидаттарын бұзады. Мұндай әрекет жеке кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін шектейді және олардың дамуына кедергі келтіреді», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, мемлекеттік ұйымдардың бәсекелестік ортаға және тауар нарықтарына осылайша араласуы бизнестің мүдделерін ғана шектеп қоймай, мемлекеттік ресурстарды пайдалану тиімділігін де төмендететіні атап өтілген. Монополияға қарсы заңнаманы бұзу тек экономикалық қана емес, әлеуметтік салдарларға да әкеледі.
«Мемлекеттік кәсіпорындардың қызметіне мониторинг жүргізудің мақсаты — олардың қызмет түрлерін монополияға қарсы органның келісімінсіз құру, кеңейту немесе өзгерту фактілерін, сондай-ақ келісілмеген қызмет түрлерін жүзеге асыру жағдайларын анықтау», — деп мәлімдеді БҚДА баспасөз қызметі.