CaspianLife, 7 тамыз. Ақтөбе облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті прокуратураның үйлестіруімен жалған құжаттарды пайдалана отырып жүк көліктерін заңсыз тіркеумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұйымдасқан топтың қатысушылары қолдан жасалған сатып алу-сату шарттарын, көлік құралдарын қарау актілерін пайдаланып, «Автоіздеу» ақпараттық жүйесіне шындыққа сәйкес келмейтін деректерді енгізу арқылы 77 жүк автокөлігін (седельный тягач) бастапқы тіркеуден өткізген.
«Тіркеу Ақтөбе, Атырау қалалары мен Батыс Қазақстан облысының аумағында салық заңнамасында белгіленген рәсімдерді әдейі айналып өтіп жүргізілген. Бастапқы тіркеу алымдарын төлемеу арқылы мемлекетке келтірілген жалпы шығын 740 миллион теңгеден асты», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, сот ұйымдастырушыларға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдағаны айтылған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жариялауға жатпайды.