CaspianLife, 7 тамыз. Атырауда 80 жастағы зейнеткер сегіз баласы мен бір немересінен алимент өндіруді талап етіп, сотқа жүгінді.
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, зейнеткер талап арызында он жылдан астам уақыт бойы жалғыз тұратынын көрсеткен. Тек бір ғана ұлы ғана онымен қарым-қатынасты сақтап отыр, ал қалған балалары мен немересі ешқандай материалдық не моральдық қолдау көрсетпеген. Зейнеткердің айтуынша, денсаулығы мен қаржылық жағдайының нашарлауына байланысты туыстарының көмегіне мұқтаж.
Сотта түсіндірілгендей, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 145-бабы 1-тармағына сәйкес, еңбекке қабілетті кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж ата-аналарын асырап, оларға қамқорлық жасауға міндетті. Сондай-ақ, 153-бапқа сәйкес, егер ата-әжелерін асырауға олардың балалары немесе жұбайы (бұрынғы жұбайы) мүмкіндігі болмаған жағдайда, олар кәмелетке толған, еңбекке қабілетті немерелерінен сот арқылы алимент өндіруге құқылы.
«Атырау қалалық соты тараптардың қаржылық және отбасылық жағдайын талдап, талап арызды ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдады. Сот зейнеткердің тамағы мен дәрі-дәрмегі үшін оның сегіз баласы мен немересінен әрқайсысынан үш айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде алимент өндіру туралы үкім шығарды. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ», — деп хабарлады Жоғарғы Сот.
(ескерту: 2025 жылға белгіленген 1 АЕК мөлшері — 3 932 теңге)