CaspianLife, 7 тамыз. Бұл фактілер Маңғыстау облысының прокуратурасы жүргізген тексеріс барысында анықталды.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, тексеріс нәтижесінде автомектептерде жүргізуші курсын аяқтау туралы 1000-нан астам жалған куәлік берілгені, сондай-ақ механикалық көлік құралдарын жүргізушілерді даярлау ережелерінің 100-ден астам бұзушылығы анықталған.
Атап айтқанда, медициналық тексерістен өтпеген адамдардың оқуға қабылданғаны, жүргізушілерге қорытынды сабақтар, қорытынды аттестация мен емтихандар өткізілмегені, бекітілген оқу жоспарлары мен кестелерінің болмағаны, автомектеп көліктерінде қосымша тежегіш пен ілініс педальдарының болмағаны белгілі болды. Сонымен қатар, автомектептердің өз меншігінде көлік құралдары болмаған, яғни оларда практикалық сабақтарды өткізу мүмкіндігі де болмаған.
«Тексеріс нәтижесі бойынша автомектеп басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, екі автомектептің қызметі мүлде тоқтатылды», — делінген хабарламада.