Caspianlife, 6 тамыз. Осы жылдың шілде айында Бас прокуратураның үйлестіруімен Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Ішкі істер министрлігімен бірлесіп Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде жедел іс-шаралар жүргізді.
ҰҚК баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл іс-шаралар Алматы қаласында, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Павлодар, Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында жүзеге асырылған.
«45 бірлік атыс қаруы тәркіленді, оның ішінде 6 Калашников автоматы, түрлі модификациядағы 18 тапанша, 14 аңшы мылтығы, 7 кесілген мылтық, сондай-ақ 6 граната, 2 тротил шашкасы және 400-ден астам оқ-дәрі бар», – делінген ҰҚК хабарламасында.
Сондай-ақ, Ақмола облысында өңірдегі кәсіпорындардың бірінен өнеркәсіптік жарылғыш заттарды ұрлау арнасы тоқтатылғаны атап өтілді. 20 кг жарылғыш зат тәркіленген. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.