Caspianlife, 5 тамыз. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында сауда саласындағы цифрлық трансформацияның қазіргі жай-күйі мен перспективалары қаралған кезде айтылды.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысының атаулы әлеуметтік көмекке көшу туралы тапсырмасы аясында Қазақстанда бағаны бақылауды күшейту және әлеуметтік осал топтарды қолдау шаралары іске асырылуда.
«Біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15% сауда үстемесі бойынша бақылауды күшейтуге көшеміз. Сонымен қатар, басқарушылық тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына талдау жүргізу модулі іске асырылуда», — деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Сонымен бірге, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушыларға азық-түлік ваучерлерін беру бойынша пилоттық жоба іске қосылуда. Бұл бастама арқылы олар сауда үстемесінсіз, сатып алу бағасымен тауар сатып ала алады. Пилоттық жобаны Ақкөл, Көкшетау және Павлодар қалаларында 5 мыңға жуық АӘК алушының қатысуымен өткізу жоспарлануда.