CaspianLife, 5 тамыз. Маңғыстау облысында туризмді дамыту бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында 2025–2029 жылдарға арналған «Маңғыстау» туристік аймағын дамыту жөніндегі кешенді жоспар Үкімет тарапынан бекітілді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, құжатта саладағы мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталған тоғыз бағыт қамтылған. Олардың қатарында: инфрақұрылымды дамыту, логистика, цифрландыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кадр даярлау, инвестициялық жобаларды ілгерілету және басқалары бар. Жоспарды іске асыру кезеңінде жүзден астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
Өңірде туризмді дамытудың басты бағыттарының бірі ретінде 12 болашағы бар туристік нысанның ішінен Кендірлі туристік аймағы айқындалды. Бұл жерде инфрақұрылымдық мәселелерді шешу бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылады. Атап айтқанда, инженерлік коммуникациялар тарту, туристік нысандарды электр қуатымен, сумен және көлік қатынасымен қамтамасыз ету жоспарланған. Жолдарды және басқа да нысандарды қайта жаңғыртумен қатар, Кендірлі ауылында әуежай салынады. Бұл ретте инвесторлар мен эко-активистердің ұсыныстары ескерілген.
«Ақтау қаласында теңіз вокзалы мен халықаралық деңгейдегі стадион салу жоспарланып отыр», – делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.
Сондай-ақ өңірде туризмді танымал ету мақсатында мәдени-спорттық іс-шаралар өткізу көзделген. Кешенді жоспар туристерді тартуға қолайлы жағдай жасап, туристік аймақты одан әрі дамытуға инвестициялық тартымды орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бұл шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Кешенді жоспар шеңберінде туризм саласындағы кәсіпкерлерге арналған жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы «Каспий» ӘКК АҚ арқылы іске қосылады.
Жоспарды іске асыру нәтижесінде 2029 жылға қарай ішкі туристер саны 430 мыңнан 520 мың адамға дейін, кірмелі туристер саны 89 мыңнан 143 мың адамға дейін өседі деп күтілуде. Туризм саласында жұмыспен қамтылған халық саны 1,7 мыңнан 2,7 мың адамға дейін артады, жеке инвестициялар көлемі 198,9 млрд теңгеге жетіп, туризмнің өңір экономикасындағы үлесі 2,2%-дан 3,6%-ға дейін өседі.