CaspianLife, 4 тамыз. Маңғыстау облысының прокуратурасы техникалық колледж қызметін тексеру барысында бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады.
Қадағалаушы орган таратқан мәліметке сәйкес, тексеру нәтижесінде колледждің бас бухгалтері стипендияға, іссапар шығындары мен салықтық төлемдерге арналған бюджет қаражатын өз жеке шотына заңсыз аудару арқылы 243 миллион теңге жымқырғаны белгілі болды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, арнайы прокурорлар тергеу жүргізді.
«Маңғыстау аудандық сотының үкімімен колледждің бас бухгалтері 5 жылға бас бостандығынан айырылып, 10 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды», – делінген прокуратура таратқан ақпаратта.