CaspianLife, 4 тамыз. Өткен аптада Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінде Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңестің жыл сайынғы отырысы өтті. Жиынды ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова жүргізді.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиынға салалық министрліктердің, әкімдіктердің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктер мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты. Кездесу іскерлік және ашық форматта өтіп, нақты шешімдерді талап етті.
Талқылаудың негізгі бағытын нақты сандар айқындады. 2021 жылы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне 21 мыңға жуық өтініш түссе, 2024 жылы бұл көрсеткіш үш есеге жуық өсіп, 62 мыңға жеткен. Тек осы жылдың алғашқы алты айында ғана 37 мыңға жуық өтініш тіркелген. Бұл азаматтардың сапасыз тауар мен қызметке төзбейтінін көрсетеді.
«Ең көп шағымдар бұрынғыдай бөлшек сауда саласынан түседі. Екінші орында – электронды коммерция, одан кейін тұрмыстық қызметтер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы. Байланыс, туризм, денсаулық сақтау және көлік салаларында азаматтардың наразылығы күрт өскені байқалады. Мысалы, байланыс қызметіне шағымдар саны үш жарым есе, туризм бойынша – үш есе, медицинаға – екі есе өскен», – делінген хабарламада.
10 мыңнан астам тұтынушы қатысқан сауалнама бұл проблемалардың жүйелі сипатын растады. Көпшілігі автокөлік және теміржол көлігіне көңілі толмайтынын, санитарлық жағдай мен қызмет көрсету мәдениетін сынаған. Туризм саласында әрбір екінші адам сапасыз қызмет немесе ақшаны қайтармау секілді мәселелерге тап болған. Денсаулық сақтау, банктер мен интернет-провайдерлерге де шағымдар көп.
Авиация саласы да бақылауда тұр. Азаматтық авиация комитеті баға нарықтық бәсеке жағдайында қалыптасатынын мәлімдеді. Қазіргі таңда ішкі нарықта 4 негізгі әуе компаниясы жұмыс істейді. Ел ішіндегі ұшулардың бағасы бағыт пен сатып алу уақытына байланысты 30-80 доллар аралығында. Сонымен бірге, 22 әлеуметтік маңызы бар бағыттарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде.
Денсаулық сақтау саласында лицензиялау мен бақылау өзекті күйінде қалып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі бес жылдық лицензиялар енгізуді, цифрлық құралдарды кеңейтуді және өкілеттіктерді нақты бөлуді ұсынды: қызмет сапасына министрлік, ал қаражатты қайтаруға Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті жауапты болмақ.
Туризмге жаңа стандарттар қажет. Кеңес қазіргі нормалардың көпшілігі тек ұсынымдық сипатта екенін, сондықтан тұтынушыларды толық қорғай алмайтынын атап өтті. Қатысушылар міндетті нормативтер қабылдау және демалыс аймақтарындағы санитарлық жағдай мен тамақ сапасына бақылауды күшейту қажет екенін жеткізді.
Электронды сауда жылдам дамып жатыр, бірақ тұтынушылардың сенімі оған ілесе алмай келеді. Жеткізудің кешігуі, сапасыз тауарлар мен ақшаны қайтарудағы қиындықтар жиі кездесетін мәселе. Осыған байланысты Сауда министрлігіне Digital Kazakhstan Association-мен бірлесіп, онлайн орта ерекшеліктерін ескеріп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасын жетілдіру тапсырылды.
Кеңес нақты шешімдер қабылдады. Көлік министрлігіне әкімдіктер және депутаттық корпуспен бірлесіп, такси агрегаторлары мен әуе тасымалдаушылардың тариф саясатын қарастырып, қызмет сапасын арттыру тапсырылды. Денсаулық сақтау министрлігіне медициналық ұйымдарға бақылауды күшейту, оның ішінде Бас прокуратурамен бірлесіп әрекет ету жүктелді. Техникалық реттеу және метрология комитетіне – туризм, көлік және такси салаларында ұлттық стандарттар әзірлеу тапсырылды.
Жыл соңына дейін осы талқылаулардың негізінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жағдай туралы жыл сайынғы есеп әзірленіп, Үкіметке жолданатын болады. Кеңес қорытындылары тұтынушылардың мүддесін қорғау – барлық қатысушы тараптардың нақты, үйлесімді және жауапты жұмысы арқылы ғана жүзеге асатынын көрсетті. Қабылданған шаралар азаматтардың әділ әрі сапалы тұтыну нарығына деген сенімін қайтаруға бағытталған.