Caspianlife, 4 тамыз. Бұл туралы көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары барысында белгілі болды.
Сапар аясында министр өңірдің жол-көлік және логистикалық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірқатар маңызды жобалармен танысты.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, атап айтқанда, Ақтау портында контейнерлік хаб құру, өткізу қабілеті шектеулі теміржол учаскелеріндегі «тар жерлерді» жою, «Бейнеу – Сексеуіл» автожолын дамыту, сондай-ақ халықаралық «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі аясында «Жаңаөзен – Кендірлі – Темір баба» бағытын жетілдіру жобалары ұсынылды.
«Сонымен қатар, Ақтауда авиациялық хаб құру, Кендірліде жаңа әуежай салу және өңірдегі теміржол вокзалдарын жаңғырту жоспарлары талқыланды», – делінген хабарламада.
Министр сондай-ақ республикалық, облыстық және қалалық маңыздағы автожолдарды жаңарту бойынша іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың қазіргі жай-күйімен танысты. Жұмыс сапарының соңында Нұрлан Сауранбаев Кендірлі аймағындағы жаңа әуежайдың құрылыс алаңына барып, нысандағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.