Caspianlife, 4 тамыз. Мемлекет басшысы ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаевтың отбасы мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Ақорда сайтында хабарланғандай, Қасым-Жомарт Тоқаев аты аңызға айналған ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы, мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Мұсабаевтың дүниеден өтуіне байланысты қайғыра көңіл айтты.
– Талғат Амангелдіұлы – үш мәрте ғарышқа ұшып, ашық ғарыш кеңістігіне шыққан ержүрек азамат, халқымыздың даңқын аспандатқан батыр. Ол бүкіл еңбек жолын отандық ғарыш саласының дамуына арнады. Сенат депутаты, қоғам қайраткері ретінде көптеген игі бастамалар көтерді. Кәсібилігімен және азаматтық белсенділігімен ел құрметіне бөленген Талғат Амангелдіұлының жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталады, – делінген жеделхатта.
Ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша: Ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысы Жамбыл ауданы Фабричный ауылында дүниеге келген. Үш рет ғарышта болған. Қазақстанның Халық қаһарманы, авиация генерал-лейтенанты, техника ғылымдарының докторы. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болған.