Caspianlife, 31 шілде. Қазақстанда екінші және үшінші АЭС-ті Қытай салады. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді.
Шенеуніктің айтуынша, нысандардың құны туралы айтуға әлі ерте.
«Станцияның құны техникалық-экономикалық негіздеме, жобалық-сметалық құжаттама дайын болғанда анықталады. Қазір айтуға ерте. Үкіметаралық келісім, ынтымақтастық бойынша барлық мәселе келісу сатысында тұр, кейін Парламентте ратификациядан өтеді», – деді Скляр Үкіметтегі баспасөз конференциясында.
«Үшінші станцияны да (екіншісі сияқты – еск.) Қытай салады. Қазір бұл мәселе тиісті агенттік тарапынан қарастырылып жатыр», – деді Роман Скляр
2025 жылы ақпанда Қазақстанда АЭС салынатын орын ресми түрде бекітілді. Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған қаулыға сәйкес Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылы алғашқы АЭС салынатын орын болып белгіленді.
Кейінірек ресейлік «Росатом» компаниясы Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің құрылысын жүргізетін халықаралық консорциумның көшбасшысы болып таңдалды.
Қазақстан мен Ресей АЭС құрылысы жөнінде жол картасына қол қойды.