CaspianLife, 31 шілде. Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің төрағалығымен Қытайдың «Eurasia Construction Capita» компаниясының өкілдерімен ресми кездесу өтті.
Облыстық коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, кездесуде Атырау қаласының оң жағалауындағы дренаждық арнаны қайта жаңғырту және сарқынды суларды кешенді пайдалану арқылы шөлейттенудің алдын алу жобалары қаралды.
– Бүгін өңірде технологиялық инновациялар индустриялық аймағын құру бастамасы таныстырылды. Бұл қадам заманауи экологиялық шешімдерді енгізуге және қазақстан-қытай ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған. Кездесудің басты мақсаты – қаланың инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеру, – деді М.Мурзиев.
Кездесуге кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларының, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өңірлік өкілдігінің, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Су арнасы» кәсіпорнының өкілдері қатысты. Қытай делегациясының құрамында компания басшылығы, инженерлік және инвестициялық сала мамандары, су ресурстарын тиімді пайдалану мен инфрақұрылымды дамытуға жауапты сарапшылар болды.
Кездесу барысында өңірде өндірістік нысандар салуға бағытталған бірлескен жобалар талқыланып, олардың іске асырылуы үшін қажетті жер учаскелері ұсынылғаны айтылды. Жобалар сәтті жүзеге асса, жаңа жұмыс орындары ашылып, инвестициялық белсенділік артады деп күтілуде. Тараптар бастамаларды тиімді әрі уақытылы іске асыруға мүдделілік білдірді.