Caspianlife, 30 шілде. Атырау облысында жүк вагондарына арналған доңғалақ жұптарын шығару және оларды толық циклде күрделі жөндеуден өткізу бойынша өндірісі түгел автоматтандырылған алғашқы вагон-доңғалақ шеберханасы ашылды.
Бұл жөнінде Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Берілген ақпаратқа сәйкес, оның өндірістік қуаты жылына 10 мың доңғалақ жұбын құрайды. Бұл жобаны «ВКМ Атырау» ЖШС іске асырды. Салтанатты іс-шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев , TEXOL компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Шота Абхазава қатысып, кәсіпорынның жұмысымен танысты.
Жаңа кәсіпорын «Махамбет» индустриялық-өндірістік кешенінің аумағында орналасқан және TEXOL компаниялар тобының құрамына кіреді. Шеберхана заманауи өндірістік стандарттарға сай жабдықталған.
— Бұл жобаның маңыздылығы тек өндірісте емес, өнеркәсіпті әртараптандырудың нақты бағыты саналады. Осыған дейін тек сырттан әкелінетін бөлшектер енді өзімізде өндіріле бастады. Жалпы «Махамбет» өнеркәсіптік-өндірістік кешені индустриялды аймаққа айналды. Мұнда вагон жөндеу, компоненттер шығару, газ терминалдары мен арнайы техникалық қызмет көрсететін нысандар шоғырланған. Жақын арада құйма өндірісін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл қадам жергіліктендіру деңгейін 96%-ға дейін жеткізіп, импортқа тәуелділікті айтарлықтай азайтады. Атырау облысы осындай жобаларға үнемі қолдау көрсетеді. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті мамандардың дамуына мүмкіндік беріп, экономиканың өркендеуіне негіз болады,- деді Атырау облыстық Өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Данияр Орынбасаров.
Осы жылдың мамыр айында «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның құзыретті комиссиясы ревизиялық құрылым және вагон шаруашылығы саласының мамандарымен бірге өндірісті кешенді тексерістен өткізді. Нәтижесінде бірнеше типті доңғалақ жұптарына ағымдағы, орташа және күрделі жөндеу жүргізу, сондай-ақ жаңа доңғалақ жұптарын шығару үшін «3038» шартты нөмірі берілді. Сол уақыттан бері компания 300 доңғалақ жұбын жасап үлгерген. Дайын өнімді вагон шығаратын Texol компаниясы пайдаланып отыр.
— Жалпы нарықта вагондарға арналған доңғалақ жұптарына сұраныс жоғары. Өйткені Атырау облысында теміржол инфрақұрылымы дамуда. Біздің салада доңғалақ «вагонның жүрегі» деп аталады. Яғни, ол үнемі үйкелісте, қозғалыста болады. Бір доңғалақ жұбы шамамен 2-3 жыл сайын күрделі жөндеуден өтуі керек. Ал өндіріске келетін болсақ, шеберханамызда 2 сағатта 1 доңғалақ шығарылады. Барлық жұмыс толықтай автоматтандырылған,- деді «ВКМ Атырау» ЖШС бас инженері Ерсұлтан Жамашев.
Қазір мұнда 80-нен астам адам еңбек етеді. Олар арнайы оқудан өтіп, біліктілігін арттырған.