Caspianlife, 30 шілде. Маңғыстау облысына келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. Биылғы жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында өңірге 66 450 турист келген.
Олардың ішінде 60 055-і – ішкі туристер, ал 6 395-і – шетелдік қонақтар. Жыл соңына дейін Маңғыстау облысына 519 мың турист келеді деп күтілуде. Оның ішінде 430 мыңы – ішкі туристер, ал 89 мыңы – шет мемлекеттердің азаматтары. Бұл туралы Облыстық қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте облыстық туризм басқармасының басшысы Ерсін Ибрашев мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Маңғыстау облысы туристерді қабылдау бойынша республикада 6-орында, ал шетелдік туристерді тарту бойынша 10-орында тұр.
— Негізінен туристер Ресей, Қытай, Иран, Италия, Әзербайжан, Ұлыбритания, Бельгия, Түркия, Өзбекстан және АҚШ елдерінен келеді. Жалпы бұл көрсеткіштер 2029 жылға дейін екі есеге артады деп болжануда. 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша өңірде 108 орналастыру нысаны тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға артық, – деді Ерсін Ибрашев.
Сондай-ақ брифинг барысында спикер Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025–2029 жылдарға арналған «Маңғыстау» туристік аймағын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленгенін атап өтті.
— Кешенді жоспар тоғыз бағытты қамтиды. Атап айтқанда, туризмді тұрақты дамыту мен инвестиция тартуға жағдай жасау, ірі инвестициялық жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру, инженерлік, көлік және коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, логистика, саланы цифрландыру, туристік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кадр даярлау мен қызмет сапасын арттыру, туризмді брендтеу және ілгерілету, сондай-ақ Кендірлі курорттық аймағын дамыту, – деп нақтылады Е. Ибрашев.
(Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше)