Caspianlife, 29 шілде. Кәсіпкерлердің жер телімін алу немесе кеңейту өтініштерін қарау кезінде мемлекеттік органдар тарапынан жіберілетін заңбұзушылықтар Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қаралды.
Бұл туралы Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Әсел Тұяқбаева хабарлады. Оның айтуынша, отырыс барысында Қазақстан Республикасы кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша өкілі, өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев мұндай шағымдардың жиі түсетінін атап өтті.
Күн тәртібіне «Алғыс 2030» ЖШС-нің өтініші шығарылды. Аталған кәсіпорын әкімдік берген жауапқа қанағаттанбаған соң, сотқа жүгінген.
«Мен жиырма жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысамын, қазір 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырмын. Биыл сәуір айында жер телімін кеңейту туралы өтініш бердім. Маған әртүрлі себептермен бас тартып жатыр: бірде бұл жерде автотұрақ болады дейді, енді бірде стадион салынады дейді. Ал іс жүзінде ол жер бос. Әкімдік әдейі кедергі жасап жатқан сияқты», – дейді кәсіпкер Нұрлан Отарбаев.
Кеңес отырысына қатысқан қалалық әкімдік өкілдері бұл аумақта бірнеше әлеуметтік нысан, соның ішінде үш колледж, аурухана және 12 мың орындық стадион салу жоспарланғанын айтты. Осыған байланысты көрші жатқан аумақ абаттандыру мен автотұраққа бөлінетіні хабарланды.
Сондай-ақ, қазір Атырау қаласының бас жоспарына өзгерістер енгізіліп жатқанын, осыған байланысты кейбір кәсіпкерлердің өтініштеріне бас тарту беріліп жатқанын мәлімдеді. Ал «Алғыс 2030» ЖШС-нің мәселесіне қатысты соңғы шешімді сот шығарады.
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары жүргізген алдын ала талдау нәтижесінде, жауапты органдар тарапынан мемлекеттік қызмет көрсету рәсімдерінің бұзылғаны және кәсіпкердің құқықтары шектелгені анықталған. Бұл деректі ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің өкілдері де растады.
«Бізді созбалаңға салу деректері алаңдатады. Бір ғана өтінішке екі қарама-қайшы жауап берілген. Қазір мәселе сотта қаралуда, соңғы шешім сол жерде шығарылады. Бірақ бұл мысал арқылы біз әкімдік пен уәкілетті органдармен бірге бұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін қандай шаралар қабылдау керектігін талқылағымыз келді. Себебі бұл – жеке бір жағдай емес», – деді Палата өкілі Сәрсенбай Жолдыбаев.