Caspianlife, 29 шілде. Бұл туралы зауыт директоры Жолдас Өмбетяров Мәжіліс депутаттарымен кездесу барысында мәлімдеді.
Атырау облысына жасаған жұмыс сапары аясында Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Индер ауданындағы «ИСИ Гипс Индер» ЖШС гипсокартон өндіру зауытына барды. Кездесу барысында кәсіпорын басшылығы өндіріс дамуын тежеп тұрған негізгі мәселелерді көтерді.
«ИСИ Гипс Индер» зауыты — өңірдегі жетекші өндірістік нысандардың бірі. Кәсіпорын әртүрлі гипсокартон түрлерін, соның ішінде ылғалға және отқа төзімді гипсокартон шығарады, сондай-ақ гипс, әктас пен бор өндіру және өңдеумен айналысады. Сонымен қатар құрылысқа арналған гипс бұйымдарын да шығарады. Зауытта 125 адам жұмыс істейді, жылдық өндіріс көлемі — 5,8 млн шаршы метр гипсокартон.
«Зауыт директоры Жолдас Өмбетяровтың айтуынша, басты мәселелердің бірі — электрмен жабдықтаудың тұрақсыздығы. Оның сөзінше, кейде кәсіпорын бір апта бойы жарықсыз қалып, бұл өндіріс процесінің тоқтауына және жабдықтардың істен шығуына алып келген», – делінген Мәжіліс баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сондай-ақ көлік қатынасының қолжетімділігі мәселесі де көтерілді. Логистикаға қызмет ететін теміржол желісі шұғыл жөндеуді қажет етеді. Өндіріс дамуына кедергі келтіріп тұрған тағы бір фактор — құрылыс қалдықтарын төгетін полигонның болмауы. Бүгінде кәсіпорын қалдықтарды Атырауға тасуға мәжбүр, бұл өз кезегінде шығынды арттырып, экономикалық тиімділікті төмендетеді.
Айдарбек Қожаназаров кездесу қорытындысы бойынша бұл жағдай жүйелі шешімді қажет ететінін және орталық мемлекеттік органдармен талқылауға шығарылатынын айтты.