Caspianlife, 28 шілде. Құлсары қаласының тұрғыны Бауыржан Хасанұлы он жылдан астам уақыт бойы ерекше жүзім сұрыптарын өсіріп, бұл істі кәсіби деңгейге дейін жеткізді. Бүгінде оның алты соттық жер телімінде жиырма түп аналық жүзім бұтасы өсірілуде.
Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл бұталардан жыл сайын шамамен 2000 түп көшет алынып, олар еліміздің түрлі аймақтарына жөнелтіледі. Бауыржан Хасанұлының өнімдерін Қазақстанмен қатар, төрт шет мемлекет те сатып алады.
Айта кетейік, ол 2012 жылдан бастап «Юбилей Новочеркасска», «Нина», «Ризамат», «Зарево», «Памяти Дженеева», «Красава», «Алвика», «Велика», «Маникюр фингер», «Днепровский сувенир», «Виктор», «Ризамат-ата», «Надежда Азос», «Памяти Нигруля», «Водограй», «Кодрянка», «Красотка», «Аватар», «Находка Калугина» секілді өнімділігі жоғары жүзім сұрыптарын өсіре бастаған. Бұған дейін ол Өзбекстаннан әкелінген сұрыптарды зерттеп, тәжірибе жинаған.
Жүзім өсірушінің айтуынша, ол жыл сайын шамамен 500 кг-дай жаңа піскен жүзім жинап, одан табиғи мейіз, шырын, тосап және жеміс пастасын дайындайды.
– Мен шетелден ерекше жүзім сұрыптарын арнайы тапсырыспен алдырып, оларды еліміздің климаттық жағдайына бейімдеймін. Ең қиыны – +50°C ыстықта жұмыс істеу және қыста жүзімді күтіп-баптау: бұтау, көміп қою және жылыту. Менің басты арманым – Жылыойдан үлкен жер телімін алып, жүзім шаруашылығын кеңейту. Болашақта Қазақстан нарығын отандық жүзіммен толық қамтамасыз етіп, экспортқа шығарғым келеді. Сонымен қатар мемлекетпен бірлесіп жаңа сұрыптарды шығару үшін ғылыми-зерттеу институтын құру идеясы бар. Ол үшін арнайы ғылыми құралдар мен кемінде 15–20 жыл уақыт керек, – дейді Б. Хасанұлы.
«Бауыржан жүзімдері» бренді Қазақстанда алғаш болып ресми жүзім фестивалін ұйымдастырған. Бұл шара 2022 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Іс-шараға ең құрметті қонақтар ретінде мүмкіндігі шектеулі жандар шақырылып, оның әлеуметтік маңызы ерекше атап өтіледі. Ақпаратта жылыойлық бағбан Бауыржан Хасан жүзім шаруашылығын дамытып, Қазақстанды халықаралық нарыққа шығаруға күш салып жатқаны да айтылады.