Caspianlife, 25 шілде. Атырау облысының шекаралас Құрманғазы ауданында Қиғаш өзенінің сағасында лотос гүлі гүлдей бастады. Бұл — Қазақстандағы табиғи жағдайда лотос өсетін жалғыз жер. Гүлдену кезеңі шамамен екі-үш аптаға созылады.
Бұл табиғи көріністі тамашалау үшін Құрманғазы ауданына жыл сайын мыңдаған турист келеді. Абырой болғанда, жергілікті билік ішкі туризмді дамыту үшін барлық жағдайды жасап отыр. Ауданда бірнеше туристік база толыққанды жұмыс істеп тұр, олар лотос алқаптарына жетіп, оның гүлденуін көруге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, биыл Құрманғазы ауданының әкімдігі алғаш рет ауқымды «Лотос фестивалін» ұйымдастыруда. Фестиваль ертең, 26 шілдеде басталады.
Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы лотос гүлі Қазақстанның Қызыл кітабына енгенін және сирек кездесетін, жойылып кету қаупі бар өсімдік ретінде заңмен қорғалатынын ескертті. Инспекция бөлімінің басшысы Әсел Қалжанова лотосты (тіпті бір гүлді де) сындыру немесе жұлып алу жағдайында ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын еске салды.
Мысалы, 3 000 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. 2025 жылға 1 АЕК — 3 932 теңге болып бекітілгенін ескерсек, лотос гүлін жұлғаны үшін айыппұл мөлшері 1 796 000 теңгені құрайды. Тағы бір рет қайталаймыз: лотос гүлін жұлғаны үшін 1 млн 796 мың теңге төлеуге тура келеді.
Сұлулық үшін заң бұзбаңыз. Табиғатты қорғаңыз.