Caspianlife, 24 шілде. Кәсіпорын ұжымына жаңа директорды «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бекзат Абайылданов таныстырды.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Қазақстан газ өңдеу зауыты» ЖШС директоры болып Қаналиев Ғайдар Әзбергенұлы тағайындалды.
Ол 1975 жылы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында дүниеге келген. Ш. Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетін «мұнай және газ кен орындарын игеру» мамандығы бойынша және Назарбаев Университетінің Executive MBA бағдарламасы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын «Қазақстан газ өңдеу зауыты» ЖШС-нің газ дайындау цехында технологиялық қондырғы операторы болып бастаған.
Әр жылдары «Өзенмұнайгаз» ПФ №2 мұнай және газ өндіру басқармасында мұнай және газ өндіру шебері, цех бастығы, №3 МГӨБ -нің орталық инженерлік-техникалық қызметінің жетекшісі, «Өзенмұнайгаз» АҚ №2 МГӨБ директоры, «Су өндіру және тасымалдау басқармасы» ЖШС бас инженері қызметтерін атқарған.
Жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін Ақтау қаласындағы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ өкілдігінің өндірісті басқару мониторингі департаментінің мұнай және газ өндіру басқармасының басшысы қызметін атқарды.